? АРЕС-тің «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» мамандығы бойынша 2019 жылғы түлегі Диас Ерланұлы Сапашовпен сұхбат.

Диас қазіргі таңда Ресейдің Мурманск қаласындағы италияндық «Saipem» компаниясында беделді қызметте. Колледж түлегі АРЕС-тің Баспасөз қызметіне берген сұхбатында өз жұмысы туралы баяндап, Ресейдегі жағдай мен Украинадағы қақтығысқа қатысты ойын ашық айтты.
1️⃣ АРЕС: Диас, қазір Ресейде жұмыстасың. Хабардармыз! Қай компанияда, қай сала бойынша қызметтесің? Осыған толық жауап берсең.
ДИАС: Ресейдің Мурманск деген қаласында «Saipem» деген италияндық компания бар. Мұнай өндірісімен айналысады. Сол жерде жұмыс істеймін. АРЕС-те оқыған негізгі мамандығым «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау». Бірақ қазір бұл компанияда құжаттарға жауап берем. Нақтырақ айтсам, «Сапаны бақылау» бөліміндемін. Компанияға келген құжат, техника, қажетті жабдықтар бәрін тексеріп, бақылаудан өткіземіз. Қазір нақты мамандық бойынша жұмыс істемеймін. Бірақ мұнай саласындағы осы бағытты таңдадым. Ол өзіме ұнайды. Бәрі мұнай-газдың айналасы ғой. Игерген саламнан қатты алыстап кетпедім.
2️⃣ АРЕС: Енді, тақырыптан сәл алыстайық. Ресей десе бірден Украинадағы жағдай еске түседі ғой. Екі ел арасындағы қақтығыс «Saipem» компаниясына әсер етіп жатқан жоқ па?
ДИАС: Иә, тек біздің кәсіпорын емес, Ресейдегі барлық экспорт пен импортқа қатысы бар компанияларға кесірін тигізуде. Шетелден келетін қажетті техникаларға қолымыз жетпей отыр, қазір. Ресей мен Украина арасындағы жағдайды айтар болсам: бейбітшілік орнаса деймін. Жазықсыз адамдар жер жастанбаса деймін. Екі ел достасса деймін. Бұрынғыша жұмыс істеп, еш алаңсыз жүрсе деймін, адамдар.
3️⃣ АРЕС: Ресейдесің ғой. iPhone-сыз, Instagram-сыз қалай өмір сүріп жатырсың?
ДИАС: Қазір Ресейде бүкіл Brand shop-тар жабылуда. «Adidas» бастаған үлкен-үлкен сауда орындарының есігі құлыпта жатыр. Бірақ iPhone сататын дүкендер қоймада қалған ұялы телефондарын әлі саудалауда. Ал Instagram-ға келетін болсақ, «VPN» аман болсын! (күліп). Сол қосымша арқылы емін-еркін Insta-да отырамыз.
4️⃣ АРЕС: Түсінікті! Тақырыпқа оралайық. АРЕС-ті бітіре салысымен бірден Ресейге жол тарттың ба?
ДИАС: Мен АРЕС-ті бітіргесін Теңіздегі арабтардың «ССЕP» компаниясында екі жыл жұмыс істедім. Ол жерде жүргенде алты айдан соң қызметім өсті. Бір жыл өткесін қызметім тағы жоғарлады. Біраз тәжірибе жинадым. Кейін «Saipem» компаниясына мамандар іздеуде дегенді естідім. Жалақысы да әлдеқайда жоғары екен. Түйіндемені өтікіздім. Компания өкілдері бірден жұмысқа шақырды.
5️⃣ АРЕС: Не үшін Ресейде жұмыс істеуді таңдадың? Қазақстанда да мықты-мықты компаниялар бар емес пе?
ДИАС: Әрине Қазақстанда мықты компаниялар бар. Бірақ «Saipem» де осал емес. Дүниенің түпкір-түпкірінде бөлімшелері, алып-алып жобалары бар. Бұл да бір тәжірибе ғой.
6️⃣ АРЕС: Жұмысты вахталық әдіспен істейсің бе?
ДИАС: Иә, вахталық әдіс. 75 күн жұмыс істеп, 21 күн демаламын. Демалысым аздау енді. (күрсініп).
7️⃣ АРЕС: Осы күнге дейін Ресейде қандай тәжірибе жинадың? Не үйрендің? Өз салаң бойынша Қазақстандағы компаниялармен салыстырып айтып бере аласың ба?
ДИАС: Жақсы тәжірибе, әрине. Бірақ айтарлықтай айырмашылық бар деп айта алмаймын. Өйткені бір сала, бір стандарт. Тек құжат рәсімдеу жағынан өзгешеліктер бар. Физикалық тұрғыдан салмақ бірдей түседі.
8️⃣ АРЕС: Ресейдегі жергілікті орыстардың «Қазақтың қара баласына» деген көзқарасы қандай?
ДИАС: Жаман емес. Орта Азияда қоныстанған ұлттармен салыстырғанда қазақтарға деген құрметі ерекше. Бір оқиғаны айтып берейін. Ресейдегі қазақтар болып арасында көңіл көтеруге мейрамханаға барамыз. Сол жердегі орыстар бізге «Камызякидегі Азаматпен, жастар арасында танымал әнші Скриптони́тпен, Батырхан Шүкеновпен жерлессіңдер ме?!» деп бізге ерекше құрмет көрсеткен.
9️⃣ АРЕС: Ресейде жалақы қалай? Құпия болмаса айына қанша аласың? (күліп)
ДИАС: Осы жерде жұмыс этикасын сақтауға тура келеді. (күліп) Құпия болып қалсын. Қазақстанда жұмыс істеген компанияда алған айлығымнан 35-40 пайызға жоғары.
1️⃣0️⃣ АРЕС: Біздің дәстүрлі сұрағымыз бар. Өзің АРЕС түлегісің! АРЕС-те білім алып, үлкен өмірге қадам бастың. АРЕС-те оқып жатқан студенттерге айтар кеңесің болса?
ДИАС: Енді, ақыл айтатын, кеңес беретін жасқа келмедім. Десекте, ең бастысы кез-келген адаммен жақсы қарым-қатынас орната білуді осы бастан үйрену керек. Ең керегі сол. Кейін, оқу бітіргесін тәжірибе жинау, тәжірибе жинау және тәжірибе жинау. Сол кезде ақшаның өзі сізді іздеп келеді.
1️⃣1️⃣ АРЕС: Атырауды, АРЕС-ті сағынасың ба?
ДИАС: Әрине, Атырауымды сағынам, АРЕС-ті де. Студент кезде талай қызық болды ғой. Біздің қыз-жігіттер өте ұйымшыл еді. Бірақ АРЕС-те жақсы оқыдым деп айта алмаймын. Менен де жақсы оқитын студенттер көп болды. Мұғалімдердің білім дәрежесі өте жоғары. Олармен дос сияқты араластық. Сөйте тұра, 1-курста стпендиядан қағылдым. Колледждегі мұғалімдер емтиханнан «құлатып» тастай беретін. Қайта-қайта тапсырам. (күліп) Сөйтіп, 2-курста степендияны орнына келтірдім. АРЕС-ті бітіргенше степендия алдым. Біз мұғалімдермен әрқашан достық қатынаста болсақ та, баға сұрап бармайтынбыз. Сол үшін де АРЕС ұстаздары қадірлі болды, біз үшін. Ұстаздарыма алғыс білдіремін! АРЕС-ке рақмет. А, айтпақшы қазір мен жұмыс істеп жатқан италияндық «Saipem» компаниясында АРЕС-тің түлектері көп. 5-6 бала бар, осы жерде жұмыста. Олар АРЕС-тің алғашқы түлектері. Қарап отырсаң, ол да АРЕС-тегі ұстаздардың арқасы ғой.
1️⃣2️⃣ АРЕС: Елге оралу ойда бар ма?
ДИАС: Әрине! Елден әрі асып кетпейміз ғой. Қазір жаспыз. Жұмыс істейік, тәжірибе жинайық. Сосын елге мықты маман болып бармаймыз ба?!
1️⃣3️⃣ АРЕС: Сұхбатқа келіскеніңе көп-көп рақмет! Елден жырақтасың. Аман жүр. Жұмысыңа сәттілік тілейміз!
ДИАС: Сіздерге рахмет. АРЕС түлгі деп, ұмытпай сұхбат алдыңыздар. Сіздерге де сәттілік серік болсын!
✍️ Сұхбаттасқан АРЕС-тің баспасөз қызметі.
Categories: 4 блок, News

Leave a Reply