Мамандар білім берудің бұл түрі түлектердің жұмыспен толық қамтылуына кепілдік болады, – дейді.

Қазір елімізде осы салаға баса мән беріліп отыр. Дегенмен оқу ордалары мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестік байланыс әлі өз деңгейіне жете қойған жоқ. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бүгін Атырауда колледж басшылары мен жұмыс беруші компания өкілдері бас қосты.

Азамат Әбілханов күні кеше ғана колледж студенті болатын. Бірақ оны ертеңгі күнгі жұмыссыздық туралы ой ешқашан мазалаған емес. Алдынала жасалған келісім-шарттарға сәйкес Азамат дипломын қолға алысымен, бірден жұмысқа қабылданды. Бұл – дуальды оқыту жүйесінің жемістілігіне нақты дәлел болса керек.

Азамат Әбілханов, жас маман:

– Бірінші курс теория жүзінде болды. Ал 2-3 курста сол оқығанымызды тәжірибе жүзінде өтудеміз. Қазір онда арматура тоқу, байлауды және каркастарды дайындауды үйрендік. Мен осы 2015 жылы оқуды бітіріп, осында жұмысқа қалдым.

Бүгінгі таңға Атырау облысы бойынша 500-ге тарта студент қана дуальды жүйе бойынша алған білімі мен тәжірибесін ұштастырып жатыр. Сондықтан кәсіби білім беру ұйымдары қазір теорияны кәсіпорындардағы нақты тәжірибелік жұмыстармен қоса жүргізуді көздеп отыр. Студентінің кепілді түрде жұмысқа қабылдануы оқу орындары үшін бүгінгі таңда басты рөлге ие.

Ермек Күзенбаев, «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық мектебінің директоры:

– Қазіргі таңда негізгі дуальды жүйені енгізу бойынша жүйелі түрде жұмыстар жасап жатырмыз. Оның ішінде вахталық әдіс. Екі апта студент вахтада жұмыс істейтін болса, екі апта бізде оқып өз білімін ары қарай дамыта береді және біздің негізгі ерекшелігіміз – әр студентке жеке оқу жоспарын жасаймыз.

Дуальды оқыту жүйесі жұмыс берушілер үшін де аса тиімді жоба. Себебі қазіргі таңда олардың көпшілігі өздеріне келген жас мамандарды қайта кәсіби даярлықтан өткізуге мәжбүр. Осыған байланысты бүгін қос тараптың өкілдері дуальды оқыту жүйесі бойынша кесілім-шарттар жасасуға уағдаласты. Сарапшылардың пікірінше егер іс оңға басса алдағы бес жылдан соң аталған жүйенің нақты нәтижесін көруге болады.

 

Авторлары: Бекен Әлирахым,  Амантай Мәтенов

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/83910-dajyndauda-taptyrmajtyn-t-sil

Powered by themekiller.com