«APEC PetroTechnic» Жоғары колледжі мен Даугавпилс құрылыс техникумы арасында ынтымақтастық туралы келісімге  қол қойылды. Техникум бүгінгі таңда Латвиядағы құрылыс саласындағы ең ірі оқу орындарының бірі болып табылады.
Кәсіптік білім беру саласы үшін маңызы зор меморандумға қол қою рәсіміне колледж басшысы Жанарбек Жаңабайұлы мен техникум директоры Инара Островска қатысты. Сондай-ақ, қос оқу ордасының қызметкерлері де болды. Пандемиялық жағдайға байланысты аталмыш шара онлайн форматта өтті.

Қос тарап ендігі кезекте бәсекеге қабілетті мамандар даярлау арқылы, білім беру мен оқу үдерісін жүйелі түрде жетілдіруге қатысты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды көздеп отыр. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарынның мамандары арасындағы тәжірибе алмасу жұмыстарын да біріздендірмек.

Ең маңыздысы, еңбек нарығындағы түрленіп отыратын  талаптарға сәйкес білім беруді дамытуға бағытталған халықаралық жобаларды бірге әзірлеуді қолға алмақ.

Ынтымақтастыққа қол қою кезінде АРЕС студенттерінің Латвияда орналасқан компаниялардан немесе құрылыс техникумының жастары Қазақстандағы айтулы кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуді ұйымдастыру жайы да кеңінен талқыланды.

Өз кезегінде, техникум директоры Инара Островска еліміздегі колледжбен жасалған ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін жеткізді. Ал колледж басшысы Жанарбек Жаңабайұлы әріптестікті одан әрі нығайта түсу жайын басты назарға алды.

Серіктестік пен өзара түсіністік күйінде өткен онлайн кездесудің қорытындысы бойынша «APEC PetroTechnic» Жоғары колледжі мен Даугавпилс құрылыс техникумы өкілдері тарапынан нақты  қадамдар белгіленді.

Powered by themekiller.com