Select Page

Әлемдік деңгейдегі маман даярлайтын Атырау қаласындағы алғашқы оқу орталығы саналатын APEC Petrotechnic заманауи колледжі өңіраралық мұнай-газ саласы мамандарын дайындау және қайта дайындау орталығына түсу үшін облыс көлеміндегі мектеп бітірушілер мен жетімдер үйі тәрбиеленушілері арасында кездесулер өткізді.

Елбасының халықаралық талаптарға сай білім беретін колледждер желісін жасақтау тапсырмасына орай, коммерциялық емес «Кәсіпқор Холдингі» акционерлік қоғамы құрылып, аталған колледждің соны талаптарға сай білім ордасы ретінде есігін ашқанына да көп болған жоқ. Десек те, өз біліктілігін молайтып, колледжбен байланыста жұмыс жасайтын өңірдегі бірнеше ірі компанияларға қызметке орналасуды көздеген жастар қазір мұнда сапалы білім алуда. Дәріс түгелдей ағылшын тілінде жүргізіледі. Бұл да өз кезегінде колледж түлегіне деген сұранысты еселей түсетіні сөзсіз.

Холдингтің стратегиялық әріптесі болып табылатын Канададағы «Оңтүстік Альберта» технологиялық институтының мамандары сабақ береді. Жастардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, колледжге түсуге ниет білдіргендер іріктеу турына қатыса алады. Яғни, арнайы тестілеу, пікірлесу сынды бөлімдерден өтсе, студент мемлекеттік грантқа ие бола алады.

Қаладағы бірнеше мектеп пен жетімдер үйінің түлектері алдында осынау оқу орнының мүмкіндіктері мен жалпы талаптары жайлы толық таныстырып өткен «Кәсіпқор Холдингі» өкілдері жиналғандардың жан-жақты сұрақтарына жауап берді.

Тақырыпқа қатысты толығырақ ақпаратты сәуір айының 20-ы күні «APEC Petrotechnic» колледжінде өтетін «Ашық есік» күнінен білуге болады.

Гүлжан ӘМІРОВА

Powered by themekiller.com